ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Мектепке жол» республикалық шарасы аясында батысқазақстандық полицейлер бір күндік жалақылары есебінен мүмкіндігі шектеулі, жетім, тұрмысы төмен балалардың керек-жарақтары үшін 5,5 млн. теңге аударды.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 25 тамыз күні БҚО ІІД бастығы, полиция полковнигі Махамбет Әбисатов ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға арналған №15 облыстық көмекші мектеп-интернаты, Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі, облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат-кешені, облыстық балалар үйі, облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаты директорларына сертификаттар табыс етті. Атап айтқанда, Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесіне 1,5 млн. теңге, қалған төртеуінің әрқайсысына 1 млн. теңгеден ақша аударылды.
Бұл арнаулы мекемелерде барлығы 721 оқушы болса, соның 178-і - жетім балалар.
Облыстық ішкі істер департаменті мұндай көмекті өткен оқу жылы қарсаңында да осындай бес білім ордасына берген болатын. Бұдан басқа, аудандық ішкі істер бөлімдері де жергілікті жерлерде осындай шараларды ұйымдастыруда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).