Аталмыш шара аясында Астана қаласының Білім басқармасы «Тұран» университетімен бірлесе отырып, М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында № 40, 53 және 14 мектептің тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға материалдық көмек көрсетті. Демеушілер балаларға мектепке қажетті оқу құралдары мен сөмкелер табыстады.
Акцияның басты мақсаты жетім, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға материалдық демеулік көрсету болып табылады. Сондай-ақ балалардың әлеуметтік жағдайына байланысты мектепке бармауының алдын алуда үлкен көмек көрсетеді.
Айта кетейік, 2015 жылғы 1 тамыздан бастап «Мектепке жол» акциясын жүзеге асыру мақсатында 4 мыңнан астам балаға қайырылымдық көрсетілді.