Мектепке жол: Жетісу облысында 15 мыңнан аса балаға көмек көрсетіледі

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Білім басқармасының мәліметі бойынша «Мектепке жол» акциясы аясында 15 мыңнан аса балаға көмек көрсету жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Акция аясында 1-сыныпқа қабылданған оқушылар, сонымен қатар әлеуметтік көмек алуға тиісті, құжат жинауға мүмкіндігі жоқ, тұрмысы қиын отбасы балалары және жазғы мезгілде республиканның басқа өңірлерінен облысқа көшіп келген әлеуметтік көмек алуды қажет ететін балалар қамтылады.

«Мектепке жол» акциясын ұйымдастырушы аудандық, қалалық білім бөлімдері, мектептер өз қаласы мен аудандарының барлық азаматтарына, бизнесмендерге, кәсіпкерлерге, меценаттарға акцияға қосылу және өмірлік қиын жағдайда отбасылар мен балаларға көмек көрсетуге өз үлесін қосу ұсынысымен жүгінді. Облыста бірнеше жыл қатарынан өз бастамасымен көмек көрсететін демеушілер де бар.

Акцияның мақсаты — әлеуметтік категориядағы балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету, балалардың мектепке келмеуінің алдын алу. Бұл бағытта ішкі істер органдарымен бірлесіп, балаларды толық оқумен қамту мақсатында рейдтер ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, мектеп оқушыларын мектеп формасымен жалпыға міндетті білім беру қорынан қамтамасыз ету жұмысы да жүргізіліп жатыр.

Облыстағы әлеуметтік көмек алатын топтағы отбасылардан 21 785 балаға мектеп формасы және мектепке қажетті құрал-жабдықтар алуға балалардың ата-аналарының шоттарына қаражат аудару жұмысы жүргізіледі. Бүгінгі күні облыс бойынша 12 118 оқушының ата-аналарының карталық шоттарына 491,6 млн теңге (55,6%) қаражат аударылды. Бұл бағыттағы жұмыс 10 тамызға дейін аяқталады.