Мектепте оқушыларға жасалған шабуыл жан-жақты тексеріледі – СҚО әкімі

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров Петропавлдағы № 4 орта мектепте болған оқыс оқиға жан-жақты тексерілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Айдарбек Сапаров «деуметтік желідегі парақшасында: «Петропавлдағы № 4 орта мектепте болған оқыс оқиғаға қатысты арнайы комиссия жұмысын бастады. Жан-жақты тексеру жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады», - деп жазды.

Бұған дейін ҚР Оқу-ағарту министрлігі Петропавл қаласындағы мектепте болған оқиғаға қатысты комиссия құрылғанын мәлім етті.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, комиссия құрамында балалардың құқығын қорғау комитеті, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының өкілдері бар.

Бүгін Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке пышақ-балтаны сөмкесіне жасырып әкеліп, бірнеше баланы жарақаттаған еді.

Үш баланы жарақаттаған оқушы психиатриялық есепте тұрған. Полиция қызметкерлері күдіктіні оқиға орнында ұстады.

Зардап шеккен екі оқушыға ота жасалды, қазір олар жансақтау бөлімінде жатыр.

Үшінші балаға қабылдау бөлмесінде көмек көрсетіліп, үйіне жіберілді. Қазір балалардың жағдайы қалыпты.