Мұндай қорытындыға Стэнфорд, Дьюк, Мичиган және Пенсильвания университеттерінің зерттеушілері келіп отыр. Олар АҚШ-тағы шамамен 4,6 мың мектептің деректерін талдаған. Зерттеу АҚШ-тың Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросында ұйымында жарияланды.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, телефон қолдануға қойылған қатаң шектеулер оқушылардың оқу күні кезінде смартфонда өткізетін уақытын айтарлықтай қысқартқан. Сонымен қатар мұғалімдердің гаджеттерге қатысты мектеп саясатына қанағаттану деңгейі артқан.
Зерттеу авторлары шектеу енгізілгеннен кейін мектептерге бейімделу кезеңінен өтуге тура келгенін атап өтеді. Алайда уақыт өте келе оқушылардың көңіл күйі жақсарып, тәртіпке қатысты мәселелер біртіндеп азайған.
Бұл ретте зерттеу тест нәтижелеріне айтарлықтай әсер етпегенін көрсеткен. Дегенмен көрсеткіштер оқушылардың жасына қарай әртүрлі болған. Соған қарамастан зерттеушілер смартфонға тыйым салу цифрлық алаңдатушы факторларды едәуір азайтып, оқушылардың мінез-құлқына айқын өзгеріс әкелген деген қорытындыға келген.
Финляндияның Yle телерадио компаниясының мәліметінше, осындай өзгерістер Финляндияда да байқалып отыр. Өткен жылы бұл елде мектептерге оқу күні кезінде смартфон қолдануды шектеуге немесе толықтай тыйым салуға рұқсат берілген.
Айталық, Тампера қаласындағы мектептердің бірінде телефондарды үзіліс кезінде де ғимарат ішінде қолдануға тыйым салынған. Оқушылардың айтуынша, осыдан кейін олар бір-бірімен жиі араласып, үстел ойындарын ойнап, спортпен шұғылданған және әлеуметтік желілерді қараудың орнына сабаққа дайындала бастаған.
Сауалнамаға қатысқан мектеп директорлары да оқушылардың өзара қарым-қатынасы артқанын, жалғыздықта аз уақыт өткізетінін және сынып өміріне белсендірек қатыса бастағанын айтқан. Сонымен қатар мұғалімдер әлеуметтік желілер мен жасырын түсірілім арқылы жасалатын буллинг жағдайларының азайғанын атап өткен.
Осыған ұқсас қорытындыны Канада зерттеушілері де жасаған. 2026 жылғы канадалық балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына жүргізілген сауалнама деректеріне негізделген зерттеу экран алдында өткізетін уақыт бойынша ұсыныстарды сақтайтын жасөспірімдердің психологиялық жағдайы жақсырақ болатынын, күйзеліс деңгейі төмен әрі оқу үлгерімі жоғары екенін көрсеткен.
Сондай-ақ зерттеу экран алдында аз уақыт өткізетін жасөспірімдердің ұйқы мәселелеріне, бас ауруына және суицидтік ойларға сирек шағымданатынын анықтаған.
Материалдың ағылшын тіліндегі түпнұсқасын мына сілтемеге өту арқылы оқи аласыздар.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігіне мектептерде смартфондарды пайдалануға толық тыйым салу құзыреті берілетінін жазған едік.