Мектепте «Ясауитану» пәні оқытылады

АСТАНА. KAZINFORM — Мектептерде «Ясауитану» пәні енгізілмек. Қазірдің өзінде Түркістандағы 36 білім ошағында ғұламаның хикметтері мен өнегелі өмірі оқытыла бастады. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасы хабарлады.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Үкімет ұлы ойшылдың еңбектерін насихаттап, Түркістанды рухани туризмнің орталығына айналдыруды көздейтін арнайы жоспарды бекітті.

Құжат аясында 37 іс-шара жүзеге аспақ. Бұдан бөлек, кесенеде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізіліп, жаңа туристік маршруттар әзірленеді.

Сондай-ақ ЮНЕСКО деңгейінде Ясауи жылын жариялау мәселесі пысықталмақ.

Ғалымдар бұл қадамдарды ұлы тұлғаның мұрасын әлемдік деңгейде таныту мен жас ұрпақтың рухани тәрбиесін нығайтудың маңызды тетігі деп бағалайды.

— Мектеп қабырғасы деген зайырлы мекеме. Бұл жерде ешбір дінге басымдық берілмейді, ешбір көзқарас сыналмайды. Қожа Ахмет Ясауидің ілімі обьективті түрде түсіндіріледі. Дегенмен қазақи салт-дәстүр, ар ождан бостандығы, ұят, намыс деген мәселелер негізге алынады, — деді Ясауитану ғылыми орталығының қызметкері Бауыржан Ботақараев.

Айта кетелік оқушылар арасында білім мониторингі өткізілетіні туралы жазған едік.