- Қазір Сенатта тиісті заң қаралып жатыр. Аталған құжат аясында Оқу-ағарту министрлігі ортақ ұстанымды ереже арқылы бекітетін болады. Бұған дейін әрбір мектепте, әр сыныпта немесе әрбір мұғалімнің өзінің ұстанымына сәйкес, смартфонды пайдалану тәртібі мектепте жекеше шешілетін. Кейбір жоғары сыныптарда интернет ресурстарды пайдалану үшін рұқсат алатын.
Сондықтан смартфондар бойынша ортақ ұстаным болмағаны рас, - деді Ж. Сүлейменова Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде.
Осы орайда ол 2026-2027 жаңа оқу жылына министрлік нақты ортақ ұстанымды енгізетінін атап өтті.
- Қазір бұл саланы зерделеп жатырмыз. Тоғызыншы сыныпқа дейін балалардың «экранды қарау уақыты» деген әлемдік норматив бар. Сол нормативті негізге алмақпыз. Екіншіден, 10-11 сыныпта ресурстардың біразы смартфонға тікелей байланысты. Осы орайда оны пайдалану уақытын қарастырамыз. Ал біріншіден тоғызыншы сыныпқа дейін тек қана сабақ барысында смартфонды пайдалануға қатысты нақты нормативті енгіземіз, - деді министр.
Ведомство басшысы толық шектеу болмайтынын, себебі баланың қоғамдық жердегі қауіпсіздігі мен ата-анасымен байланысы үшін смартфон керек екенін атап өтті.
- Ең бастысы, сабақ кезінде пайдаланудың ережесін енгізуіміз керек, - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Айта кетейік, балаларға әлеуметтік желілерге тыйым салатын нормалар Құрылтайда қаралады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінде қаралған заң жобасы аясында Оқу-ағарту министрлігі мектептердегі смартфонды пайдалану тәртібін айқындайды.