Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде ҚР Қарулы Күштері Бас штабының Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының орынбасары Қайсар Мұғалов мәлім етті. Еске салайық, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасындағы жастар саясаты туралы» заң жобасы таныстырылған болатын.
«Заң жобасының аясында депутаттар әскери бөлім жанынан орталықтар құруды ұсынып отыр. Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кеңесе келе, біз ондай орталықтардың құрылуын қолдауға болады деп ойлаймыз. Дегенмен, біз бұндай орталықтардың әскери-патриоттық тәрбие ретінде құрылуын қалаймыз. Яғни, әскери бөлім жанында құрылатын орталықтар патриоттық емес, әскери-патриоттық болуы шарт. Бұл біздің мақсатымыз бен мүмкіндіктерімізге жауап беретін еді», - деді Қ. Мұғалов.
Бұдан бөлек, сөз арасында Бас штаб өкілі білім беру мекемелеріндегі әскери дайындық мәселесіне де тоқталып өтті. Оның сөзіне қарағанда, еңбекақының төмендігіне қарай, мектептерге запастағы офицерлерді тарту мүмкіндігі болмай отыр. «Сонымен қатар, мектептерде қазір әскери-патриоттық тәрбиеге арналған оқу-материалдық базалары, оның ішінде кітапханалық қорлар жоқ десе де болады. Дәл осындай жағдай жоғары оқу орындарындағы әскери кафедраларда да орын алған. Сондықтан да, мектептердегі әскери-патриоттық пәндер мұғалімдерінің мәртебесін арттырып, оларды мектеп директорының әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі орынбасарына дейін көтерген абзал», - деді Қ. Мұғалов.