Шара барысында мектеп психологтары ата-аналарға туындауы мүмкін проблемаларға қатысты дәріс оқыды. Бұл ретте бірінші тақырып баланың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналып, балаларды зиянды ақпараттан қорғау қадамдарына негізделді.
«Ата-ананың міндеті - баланың интернетті пайдалануын өз бақылауына қою және баланың интернет жеткізетін қызметтер мен ақпаратты тұтыну мәдениетін қалыптастыру», - дейді психологтар.
Мамандар баланың компьютерге әуестенуінен оның психикалық және тән саулығы, тұлғалық дамуы мен әлеуметтенуі үшін қауіпті бола бастаған белгілерге тоқталды. Осы орайда мектеп оқушысында оқуда немесе құрдастарымен қарым-қатынаста қиындықтар туындайтыны, баланың желіде қанша уақыт өткізетінін әрі қандай сайттарға кіретінін ата-анасынан жасыратыны айтылды.
«Балаларыңыздың интернетте немен айналысатынынан хабардар болыңыздар. Сонымен қатар, жеткіншектердің қандай чаттарға, топтарға, парақшаларға кіретінін және кіммен араласатынын сұрап біліңіздер. Балаңызға белгісіз адамдардан жіберілген файлдарды ашуға болмайтынын түсіндіріңіз», - деді мектеп мұғалімдері.
Негізінен, компьютерге ер балалар жақын тұрады екен. Зерттеулерге қарағанда, интернетке тәуелді бір қыз балаға шаққанда 10 ер баладан келеді. Бұл өз кезегінде ер балалардың мектептегі сәтсіздіктерді көбірек уайымдайтынын, сондай-ақ қыздарға арналған компьютер ойындары әлдеқайда аз кездесетіндігімен түсіндіріледі.
Психологтардың айтуынша, үйде сирек болатын жұмысбасты ата-ананың балалары желіде жиі отырады.
Бұдан бөлек, конференция барысында педагогтар отбасылық құндылықтарды нығайтуға қатысты ең маңызды қадамдар жөнінде пікірталас жүргізді.
Мамандардың айтуынша, балалардың бейтаныс адамдармен сөйлеспеуін, бөтен адаммен көлікке отырмауын, мектептен шыққаннан кейін қараңғы мезгілде көше кезіп жүрмеуі секілді маңызды шарттарды жете түсіндіру керек. Әсіресе, бұл қағидалар төменгі сынып оқушылары үшін өзекті, себебі олар көбірек дербестік алады және оны айналасына көрсетуге ұмтылады.