***
Ел газеті «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәмидің «Сот ашықтығы - қоғам айнасы» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарық көрді. Мақала авторының жазуынша, заңдық күшіне енбеген сот актілерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, көпшілік талқысына шығару - сырттай сот ісіне араласудағы өрескелдік. Бұл - судьяның тәуелсіздігіне нұқсан келтіру екенін кейбір азаматтар түсінбейді. Біз осы бір келеңсіз жайттың қоғамда орын алмауына жұртшылық болып атсалысуымыз керек. «Оның ішінде, қандай бұқаралық ақпарат құралдары болсын, мұндай өрескелдікке бой алдырмаулары қажет деп ойлаймын. Осыған байланысты айтарым, тараптар істердің сот сатыларында қаралу құзырының аражігін заң талабына сай ажырата білгендері жөн. Әрбір тарап заңда белгіленген тәртіппен, келесі сатыдағы сотқа өтініш беріп, азаматтық құқығын заңды қорғау үшін ізденсе, сот әділдігінің шынайы сақталуына өзінің де үлесін қосқан болар еді», - деп жазады Қ.Мәми.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында белгілі фольклортанушы Берік Жүсіповпен арадағы сұхбат «Базардың бәсімен есептесең, менің өнерімнің қара бақырлық та құны жоқ» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Айтпасаң сөздің атасы өледі! Біздің қазақ ғылымы, оның ішінде мен өзімді еркін сезінетін фольклористика, культурология мен этномузыкатану бұл күнде шалыс өрелі күліктің күнін кешіп келеді. Кешегі поскеңестік кеңістік төңірегінен біздің арқандаулы аттай болып жүрген мамандарымыздан артық адам табамын деу бекершілік. Біз сол кездегі ғылым деңгейін орыс пен еврейлердің өзінен асырып жібермесек, бәсін түсірген жоқпыз! Әттең, «кебенек» ішінде жүрген біздің ұлттық ғылым және сол саламен айналысатын мамандар әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілетін күн болса, бәрін жиып тастап, қалған саналы ғұмырды осы жолға жұмсасам, кезегі келген күнімізде молдекеңдер айта беретін жаққа да өкінішсіз кете беруге болар еді. Сал-серілік деп аталатын сол ұлы үрдістің көлеңкесінде Маңғыстаудағы сәйкілер мен қайқылардың, Сыр бойындағы қасқалардың тарихы да тұмса күйінде зерттелусіз қалып бара жатыр. Ғылымға, сол ғылыммен айналысатын ғалымға қолдау көрсетілмейтін қоғамда өмір сүріп жатқанымыз үлкен өкініш!», - дейді.
Күні кеше Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында палата вице-спикері Дариға Назарбаева мектептердегі оқулықтың баламалы түрінен бас тарту қажеттігін баса айтқан болатын. Дәл осы мәселені елімізге белгілі педагогтерге «Айқын» газеті сауал ретінде жолдап, олардың пікірін « Мектептегі оқулықтың баламалы түрінен бас тарту қажет пе?» деген тақырыппен ұсынды. Мәселен, №138 қазақ гимназиясының мұғалімі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ұлжалғас Есназарова осы сауалға орай бір ғана оқулықпен білім алу керек деген идеяға қарсы екендігін ашық айтқан. Ал №159 мектеп гимназия директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова: «Дариға Нұрсұлтанқызының көтеріп жүрген мәселесі өте орынды. Әрине, бұл бүгінгі министрдің жасап отырғаны емес. Біраз жылдан бері қордаланып қалған жағдай. Жалпы, мектеп стандарттарын қайта-қайта өзгерту, оқулықтарды жыл сайын жаңарту, авторлардың өзгере беруі меніңше білімге үлкен өзгеріс әкеледі деп ойламаймын. Керісінше, білімнің сапасыздығына алып келеді», - дейді.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бәйтерек» «Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқармасы төрағасы Қуандық Бишімбаевты қабылдадыі. Кездесуде Қ.Бишімбаев Мемлекет басшысына «Бәйтерек» холдингінің 2013 жылғы қызметінің нәтижелері, сондай-ақ, холдингтің компаниялар тобы жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалар туралы баяндады. Қазақстан Президенті «Бәйтерек» холдингіне кіретін даму институттары «Самұрық-Қазына» АҚ іске асыратын трансформациялар жөніндегі шараларды назарға алғаны жөн екенін атап өтті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнесті қаржыландыруға мемлекет бөлген қаражат экономиканы одан әрі дамытуға оң әсерін тигізу мақсатында тиімді игерілуге тиістігіне тоқталды.
***
Қарағанды қоқысқа батып барады. Қала төңірегінде 7 млн. тонна сасыған қалдық жиналып қалған. Бұл жайында «Время» газетінің бүгінгі нөмірінде «Свалочный грех» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, бұл тұрмыстық қалдықтың барлығы облыс аймағында орналасқан 213 полигонда жиналған көрінеді. ***
«Баспасөзде шуға айналған Қарағанды әкімдігінің 1,5 млн. долларға екі бөлмелі пәтер сатып алады деген ақпарат шындыққа еш жанаспайды», - деп жазады «Экспресс К» газеті сәрсенбілік санындағы «Двушка легкого поведения» деген тақырыптағы мақалада. Басылымның жазуынша, облыс орталығындағы 2 бөлмелі пәтердің орташа құны 55-ден 70 мың долларға дейін бағаланады. Сондықтан да 1,5 млн. долларға пәтер сатып алынатындағы жайлы ақпараттың халықты дүрліктіретіндігі анық жайт. «Шын мәнінде Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында пәтерлер сатып алуға электронды байқау жариялады. жалпы көлемі 3265 шаршы метрді құрайтын 1 және 2 бөлмелі пәтерлер жас отбасыларға беріледі. Бұған қаржы республикалық бюджеттен бөлінген», - дейді қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Ирина Камышева.