Мектептерде балаларды оқыту 6 тілде жүргізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013/2014 оқу жылында Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептерде оқушыларды оқыту 6 тілде, яғни қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

«Жұмыс істеп тұрған 7561 күндізгі жалпы білім беретін мектептері ішінде 3817 мектеп қазақ, 1395-і - орыс, 60 мектеп - өзбек, 14-і - ұйғыр, сондай-ақ 3 мектеп - тәжік, 8 мектеп - ағылшын тілдерінде оқытады. Сонымен қоса 2156 мектепте оқыту екі немесе одан көп тілдерде жүргізіледі», - делінген ҚР Статистика агенттігінің мәліметінде. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқыту тек қана ұйғыр тілінде жүретін мектептер саны 1 мектепке өсті.