Оның сөзіне қарағанда, биыл жастарды кәсіптік бағдарлау жұмысы мемлекеттік қолдаудың маңызды бағыты болмақ. «Білім және ғылым министрлігінің басшылығымен 8 мыңға жуық мектепте кәсіптік бағдарлау кабинеттері ашылатын болады. Мұнда жоғары сынып оқушыларына кәсіптік дағдылау бағыттары, жаңа әрі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпараттар беріліп, қажетті тестілеу бағдарламалары жүргізіледі. Бұл өте қажетті, маңызды және жұмыссыздықтың алдын алудағы негізгі шара болып табылады. Сондықтан облыстар, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерінен кәсіптік бағдарлау жұмысына көңіл бөлуді және осы бағытта нақты шараларды қабылдауды сұраймын», - деді Т.Дүйсенова Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Айта кетейік, Дүйсенова ханым жаңа бағдарламаны пайдаланып, ауылда жұмыссыз жүрген жастарды кәсіпкерлікке баулуды да көздеп отыр.