Мектептерде қауіпсіздікті күзет ұйымдары қамтамасыз етеді – ІІМ өкілі

Фото: Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Мектептерде қаруды алып кіруге байланысты жағдайға қатысты мәлімдеме Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов жасады. 

– Бұл мәселе бірінші кезекте Оқу-ағарту министрлігінің қарауында, яғни мектептерде қаруды және кесетін заттарды алып кіруге жол бермеу шараларын қамтамасыз ету – олардың құзыретінде. Біз өз тарапымыздан, Ішкі істер министрлігі ретінде, бұл процестің қалай жүзеге асырылуы тиіс екенін ұсындық, - деді спикер. 

Ғалым Сарғұлов атап өткендей, мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күзеттік ұйымдармен жұмыс ұйымдастырылған. Қызметкерлер қалай әрекет ету керегін бірнеше рет нұсқаулықтармен түсіндірді, жиналыстар өткізілді. Алайда, бұл мәселеде шешуші рөл мектеп директорларына тиесілі. Олар қандай күзет ұйымын жалдайтынын, келісімшарттың шарттарын, нормаларды және ережелерді өздері белгілейді. 

– Осыған қарамастан, мектептердегі қылмыстық жағдайлар төмендеген. Егер, мысалы, 2001 жылы кәмелетке толмағандардың қатысуымен 8 мыңнан астам қылмыс тіркелген болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 2 400-ге дейін төмендеді. Олардың ішінде мектеп ішінде тіркелген қылмыстар саны – бар-жоғы 34, - деді Ғалым Сарғұлов.

Бұған дейін Атырау облысы Құлсары қаласында қатарластарын балтамен қуалаған оқушыға қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Соттың шешімімен бала үйқамақта екенін жазғанбыз.