ОРАЛ. ҚазАқпарат – Мектептерге рейдтік шаралар жүргізіліп жатыр деген ақпарат жалған. Бұл туралы БҚО білім басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кешеден бері әлеуметтік желілерде мектептерде, дүкендер мен автобустарда жүрген оқушыларды анықтау мақсатында рейд шаралары жүргізіліп жатқаны жөнінде ақпарат таралуда.
Онда «Баланың мектепте болғаны анықталса, сол оқу орны жазаға тартылып, дүкен не автобуста жүрсе, ата-анасына айыппұл салынады» делінген.
«Бұл жалған. Өңір тұрғындарын мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарынан және білім басқармасының ресми парақшаларынан басқа жерлерде жарияланған ақпараттарға сенбеуге шақырамыз. Өтініштер мен сауалдарды БҚО білім басқармасының Facebook-тегі және Instagram -дағы парақшасына жіберуге болады. Сондай-ақ 7 (71-12)-31-23-38, 8-747-112-74-07 байланыс телефоны арқылы басқарманың Call-орталығына хабарласуға болады», деді басқарманың баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын коронавирусқа байланысты БҚО-да жедел штаб жұмыс істеп жатқанын, өңірде 89 адамның бақылауда екендігін, індет тіркелмегенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).