- Республика бойынша 8 мыңнан астам мектепте 4 млн оқушы білім алып жатыр, 420 мың педагог жұмыс істеп келеді. 2026-2027 оқу жылында 382 мың бала 1-сыныпқа қабылданды. 11-сыныпта 214 мың оқушы білім алып жатыр. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты Жаңа Конституцияда бекітілген нормаларға сәйкестендірілді, - деді Ж.Сүлейменова.
Сонымен қатар балалар халықаралық білім додаларында жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқанын айтты. 5 мыңнан астам оқушы 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, 57 арнайы марапатқа және 1 067 медальға ие болды. Оның 204-і алтын, 356-сы күміс және 507-і қола.
- Ауыл оқушыларының республикалық олимпиадаларға қатысуы 125 мыңға жетіп, жүлдегерлер саны он есе артты. Мемлекет басшысының қолдауымен халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге ақшалай сыйақы төленіп жатыр, - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының 2026 жылғы 12 мамырдағы Жарлығына сәйкес, орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.
Жобаның мақсаты – қала мен ауыл арасындағы білім сапасы алшақтығын қысқартып, әр балаға жекелендірілген оқыту мүмкіндігін ұсыну. Алғашқы кезеңде 500 пилоттық мектеп қамтылып, 240 мың педагог оқытылды. 2028 жылы 2 600 шағын жинақты мектепті толық қамту көзделген.
- Білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект элементтерін енгізу басталды. Бүгінде Солтүстік Қазақстан (44 мектеп) және Ақмола (35), Қарағанды (10) облыстарының мектептерінде енгізіліп жатыр, - деді ведомство басшысы.
Бұған дейін Алматыда жасанды интеллект олимпиадасының жеңімпаздары анықталғанын жазған едік.