Мектептерді ауылда ғана емес, қалаларда да салу керек - депутат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектеп орнының жетіспеушілігі республикалық қалаларда ғана емес, облыс қалаларында да байқалады. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева Мемлекет басшысының Жолдауын талқылауға арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) Кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын Қазақстанда мектеп құрылысы үшін қомақты қаржы бөлінеді. Әйтсе де, қазіргі уақытта Қазақстанда 124 мектеп үш ауысымда оқиды, 44 мектеп апаттық жағдайда және 127 мың орын жетіспеушілігі бар. Елбасы өз Жолдауында урбанизация туралы айтып кетті және бүгін Парламент Үкіметке мектеп құрылысын қайта қарауды ұсынып отыр. Соңғы үш жылда мектептер тек қана ауылдарда салынып келеді. Қалада мектептер тұрғызымайды. Сондықтан, орын жетіспеушілігі республикалық маңызы бар мега қалаларда ғана емес, облыс қалаларында да бар», - деді Н. Жұмаділдаева.

Депутаттың айтуынша, үш жылдық бюджетте 39 жаңа мектеп тұрғызып, 2017-2018 жылдары басталған 50 мектептің құрылысын аяқтау үшін 89 млрд теңге қарастырылып отыр.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында оқушыларға орын жетіспейтіні, мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырды.

Сонымен бірге, депутат балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысы қанша процентке өсетінін есептеді.

«Мемлекеттік және жеке сектордың күш салуымен бүгінде балалардың 93% мектепке дейінгі біліммен қамтылды. Енді бұл салада сапалы білім беру мәселесі пайда болды. Ол үшін сапалы мамандар керек. Педагогтар жетіспеушілігі бар. Жолдауда алғаш рет мектепке дейінгі білім беру мамандарына көңіл бөлініп отыр. Олардың қазіргі еңбекақысы 29 мың теңге. Алдын ала есеп бойынша, олардың айлығы 35%-ке артуы мүмкін. Және бұл мектепке дейінгі білім беру саласында жұмыс істеп жүрген 98 мыңға жуық адамға көмек болады», - деді Н. Жұмаділдаева.

Еске сала кетсек, кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жариялады.