Мектептердің 50 пайызы кең жолақты интернетке қосылды - Б.Жұмағұлов

АСТАНА. 5 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстан мектептерінің 50 пайызы кең жолақты интернетке қосылған. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП-ның сайлауалды тұғырнамасының орындалу мәселесіне арналған Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

«Қазіргі уақытта кең жолақты интернетке мектептердің 50 пайызы қосылған. «E-Learning» жобасын дамыту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін аталған жобаға 581 білім беру ұйымы тартылды», - деді ол.

Б.Жұмағұловтың атап өтуінше, еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру саласында басқарудың жаңа жүйесі жасалды. Дуальді оқыту жүйесі енгізілуде, оған жұмыс берушілер кеңінен тартылуда.

«Кәсіптік стандарттар әзірленуде. Біліктілікті растау орталықтары құрылды», - деді Б.Жұмағұлов.