Мектептердің санитариялық дайындығы: Түркістан облысында 1800-ден астам нысанда кемшілік анықталды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына санитариялық дайындығы тексерілді.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірдегі 1811 нысан мониторингпен толық қамтылды.

— Мониторинг нәтижесінде 1807 нысанда кемшілік анықталып, оларды жою туралы нұсқамалар берілді. Бұдан бөлек санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болмауы және сумен жабдықтау жүйелеріндегі ақауларға байланысты 33 мектепке қатысты жедел шаралар қабылданды, — деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов.

Оның айтуынша, мониторинг барысында негізінен мектеп аумақтарының абаттандырылуы, сумен және ыстық сумен қамтамасыз етілуі, санитариялық тораптардың жағдайы, жарықтандыру және желдету жүйелері, ғимараттардың санитариялық-техникалық жай-күйі, сондай-ақ спорт залдары мен ас блоктарының талаптарға сәйкестігі бойынша кемшіліктер анықталды.

Қазір 1024 мектепке берілген нұсқаманың 941-і бойынша бұзушылықтардың жойылғанын растайтын құжаттар ұсынылған. Қалған 114 мектеп бойынша бақылау жұмыстары жалғасып жатыр.

— Олардың ішінде 45 мектепке қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізу жұмыстары басталды. Алты мектеп бойынша жоспардан тыс тексеру аяқталып, анықталған бұзушылықтар расталды. Бұл мектептерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тиісті баптары бойынша әкімшілік шаралар қабылданып, материалдар сотқа жолданды, — деді спикер.

Айта кетейік, Түркістан облысында 1089 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның 916-сы — мемлекеттік, 173-і — жекеменшік.

Бұған дейін Түркістан облысында 700-ден астам қоғамдық тамақтану нысанының тиісті рұқсат құжаты болмағанын жазған едік