Мельдонийді ойлап тапқан Иварс Калвиньш шеттетілген спортшыларға рақымшылық жасалады деп болжады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мельдонийді ойлап тапқан академик Иварс Калвиньш препаратты пайдаланған спортшылардың көбі ақталатынына сенім білдірді. Калвиньштің сөзін «Спорт-Экспресс» келтірді, деп хабарлады Lenta.ru.

«Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) мельдонийдің адам ағзасының ерекшеліктеріне сай біреуінің бойынан тез арада, екіншісінің бойынан ұзақ уақыттан кейін ғана шығатынына байланысты оның қанша уақытта ағзадан жоғалатынын нақты айта алмайтынын мойындауға мәжбүр болады деп ойлаймын. Сол себепті 1 қаңтардан кейін оны пайдаланған жоқпен деп отырған спортшылар ақталуы тиіс. Егер бұлай жасамаса, Олимпиададан кейін оларға (WADA) қарсы спортшылар сотқа шағымдана бастайтын болады. Сол кезде олар амалсыз райынан қайтады», - деді Калвиньш.

18 сәуірде Калвиньш мельдонийдің допинг емес екенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ ол WADA тыйым салған заттар тізімінен бұл препаратты алу үшін қолынан келгенін жасайтынын айтқан.

13 сәуірде WADA 2016 жылдың 1 наурызына дейін тапсырылған спортшылардың допинг-сынамасында 1 микрограмға жетпейтін көлемде мельдонийдің болуына рұқсат етілетінін хабарлады.