ANSA агенттігінің мәліметінше, Джорджа Мелони үкіметі 2022 жылғы 22 қазанда ант қабылдаған. Бұған дейінгі рекорд Сильвио Берлусконидің екінші үкіметіне тиесілі еді. Ол 2001 жылғы маусымнан 2005 жылғы сәуірге дейін, яғни 1 412 күн билік етті.
Джорджа Мелони Италия тарихында Министрлер кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалған алғашқы әйел атанды. Оның үкіметі «Италия бауырлары», «Алға, Италия» және «Лига» партияларынан құралған коалицияға сүйенеді.
Бұл рекорд бір үкімет құрамының үздіксіз қызмет ету мерзіміне қатысты. Ал Премьер-министр ретінде өткізген жалпы уақыт тұрғысынан алғанда, рекорд әлі де үкіметті төрт рет басқарған Сильвио Берлускониге тиесілі.
Қазіргі парламенттің өкілеттік мерзімі 2027 жылы аяқталады. Италья баспасөзінде «министрлер кабинеті өз қызметінің мерзімі аяқталғанша жұмыс істей ме, әлде мерзімінен бұрын жаңа үкімет сайлана ма» деген мәселе талқыланып жатыр.
Бұл ретте Дж. Мелони биліктегі коалицияның қайта сайланғанын қалайтыны анық. Себебі, елдің кейбір басылымдарының жазуынша, ол ел президенттігіне ұмтылуы мүмкін және осы мақсатына жетуі үшін парламентте өзін қолдайтын көпшіліктің болуы аса маңызды.
Өз кезегінде үкімет геопоэтикалық шиеленіс, энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі және шектеулі бюджет ресурстары жағдайында атқарылған жұмыс қорытындыларын қанағаттанарлық деп бағалайды.
Алайда Италия оппозициясы сайлауалды уәделердің бірқатары орындалмағанын, ал жоспарланған реформалардың жүзеге аспағанын алға тартады. Сонымен қатар үкімет сот реформасы жөніндегі референдумда да жеңілді.
«Италия бауырлары» партиясының рейтингі 30 пайыз шамасында сақталса, оның одақтастарының көрсеткіші 9-10 пайыз деңгейінде. Солшыл-орталық күштердің жиынтық көрсеткіші билеуші коалициямен шамалас болғанымен, ішкі және сыртқы саясаттағы қайшылықтарға байланысты олардың біртұтас альянс құру мәселесі әзірге ашық мәселе күйінде қалып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, күз айларында Италияда сайлауалды науқан қыза түседі. Оның негізгі тақырыптарында Украинадағы дағдарыс пен Еуропаны қайта қаруландыру мәселесі бар.
Италия республика болып жарияланғаннан бері елде 31 премьер-министр басқаратын 68 үкімет ауысты.
Айта кетейік, Джорджа Мелони Қазақстан Президентін ең сындарлы көшбасшылардың бірі деп атаған болатын.
Ақзат Бақытжанқызы