Мембранозды нефропатия – бүйрек капиллярларының қабырғаларында иммундық кешендердің шөгіп қалуынан туындайтын бүйрек шумақшасының зақымдануы. Бұл базальды мембраналар мен тамыр қабырғалары шумақшасының қалыңдауына және қабаттасуына әкеледі. Мембраноздық нефропатияның негізгі клиникалық көрінісінде нефротикалық синдром - бүкіл дененің ісінуі, несептегі ақуыздың және қандағы холестериннің жоғары болуы байқалады.
Нефролог дәрігер, кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ терапия бөлімшесінің меңгерушісі Лейла Мамедованың айтуынша, бүйрек шумақшасының зақымдануы бүйректің дұрыс жұмыс істеуіне кедергі жасап, оның жұмысының нашарлауына әкеледі. Сонымен қатар, зақымданған бүйрек шумақшалары ағзаның тамырлары мен тіндері арасындағы және қан ұюының теңгерімін сақтау секілді қызметтерді орындайтын қандағы ақуыздарды несепке өткізе бастайды. Ақуыздар зақымданған шумақшалар арқылы өтіп, несеппен шайылып кетеді, ағза ақуыздармен қамтамасыз етілетін қызметтерін жартылай жоғалтады.
«Ағзаның тамырлары мен тіндері арасындағы сұйық теңгерімінің бұзылуы денеде, оның ішінде өкпеде, бауырда, бүйректе және ағзаның табиғи қуыстарында ісіктердің пайда болуына әкеледі. Қанның ұю жүйесіндегі дисбаланс бүйрек тамырларының тромбозына және өкпе артерияларының тромбоэмболиясына әкеледі», - дейді Лейла Мамедова.
Сонымен қатар, дәрігер 75% жағдайда мембраноздық нефропатия бастапқы, ал 25% жағдайда – қайталама болатынын мәлім етті. Мембраноздық нефропатия көбіне ер адамдарда туындайды, әйелдер бұл ауруға сирек шалдығады. Ауру жиілігі 30-дан 60 жасқа дейінгі адамдарда кездеседі.
Мембраноздық нефропатияның пайда болуының бастапқы себебі көп жылдар бойы белгісіз болды. Бірақ, ғылыми зерттеулердің барысында идиопатиялық мембраноздық нефропатия кезінде шумақшалардың белгілі бір құрылымдық элементтеріне, оның ішінде тромбоциттердің жандану факторы – А2 фосфолипаздар рецепторларына аутоимундық агрессияның болатындығы анықталды. Нәтижесінде иммунитет өз ағзасының тіндерін зақымдап, шумақшалардың құрылымдық тұтастығының бұзылуына әкеледі.
«Мембраноздық нефропатия сонымен қатар беттің, аяқтың, іш және өкпеқап қуысы, кейде бүкіл дененің ісінуі, артериялық қан қысымының жоғарылауы; тәбеттің төмендеуі; несептің тәуліктегі мөлшерінің өзгеруі; бастың ауруы, бас айналу, лоқсу; жалпы әлсіздік және шаршау секілді көріністер береді. Ісік пайда болу және несеп талдауында өзгерістер (ақуыздың болуы) анықталған жағдайда шұғыл түрде нефролог дәрігерге қаралған дұрыс», - дейді дәрігер.
Сонымен қатар, ол аталған ауруды емдеуде уақыт және пациенттердің дәрігер ұсынымын бұлжытпай орындауы маңызды екенін ескертті. Егер мембраноздық нефропатия ерте деңгейінде анықталып, науқастар қажетті емді дер кезінде қабылдаса, онда бүйрек шумақшаларында қайтымсыз өзгерістердің дамуының тоқтатылуы мүмкін болады. Қандай да бір себептермен уақыт өтіп кетсе және пациенттер ем қабылдамаса, онда шумақшалар өзінің функциясын жоғалтуы мүмкін. Ал бүйректің өзінің негізгі функцияларын жоғалтуы өмір сүру сапасының нашарлауына әкеледі. Бұл науқастар бұдан әрі бүйрек толықтырғыш еміне: гемодиализ және бүйрек трансплантациясына мұқтаж болып қалады.