Мемқызметшілерді күйзелістен құтқаратын сайт ашылды

None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті memkyzmet.kz атты көмекші сайтты іске қосты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

"Аталған портал арқылы біз өзімізді көрсетейін деп жатқан жоқпыз. Онда xалыққа ғана емес, мемлекеттік қызметкерлерге де қажетті ақпарат бар. Мәселен, қазіргі кезде аттестаттау жұмысы жүргізіліп жатыр. Аттестация барысында мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігі тексеріліп, соның нәтижесі бойынша адамды қызметі жағынан не көтереді, не төмендетеді. Осыған байланысты мемқызметкерлер арасында үлкен алаңдаушылық бар. Бәрі қобалжып жүр, күйзеліске түсетіндер де аз емес. Біз болсақ, "Аттестаттау" деген айдарда мемқызметкерлерді алаңдатып жүрген материалдарды жарияладық. Соның ішінде агенттіктің аттестациялық комиссияға қойып отырған талаптары бар. Бұдан бөлек, сұрақ-жауаптың үлгілері де жарияланды. Осылайша, мен аттестацияны тапсыратын болсам, сайтқа кіріп, қажетті ақпаратпен таныса аламын. Сол арқылы комиссияның мені қалай бағалайтынын білетін боламын", - дейді департаменті басшысы Әли Көмекбаев.

Оның айтуынша, департамент өкілдері облыста мемқызметкерлер арасында аттестацияға қатысты алаңдаушылықтың бар екенін көргеннен кейін сайтты тездетіп қосып, ішіне тиісті айдарды қосқанды жөн көрді. Қазіргі кезде аталған порталды қолданушылардың саны күн санап артып келеді.

Сайттың қолданушылары аттестаттаудан бөлек мемлекеттік қызметке кіру тәртібі, бос жұмыс орындары, мемқызметке тұруға қажетті құжаттар, тиісті заң нормалары және тағы басқа ақпаратты таба алады. Осылайша, жаңа сайттың көмегі мемлекеттік қызметкерлерге ғана емес, мемлекеттік қызметке тұрғысы келетін және мемлекеттік қызметтерді қолданатын xалыққа тиеді деген жоспар бар. "Қазіргі кезде кейбір мемлекеттік органдарда артық құжаттарды талап етіп жатады. Біз болсақ, жаңа сайтта мемлекеттік қызметтердің тізімін жарияладық. Соның негізінде мемлекеттік орган емес, сол қызметті алып отырған адам өзіне қажетті анықтаманы артық құжаттарсыз талап ете алады", - деп атап көрсетті Көмекбаев. Ал мемлекеттік қызметке тұрғысы келетін азаматтар арнайы тест сұрақтарына жауап беріп, өз білімін тексере алады.