Мемқызметтегі оңтайландыру: 400 мың теңге жалақыны кімдер алады
Кездесуге облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова, Алматы және Шымкент қалаларындағы, Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы аумақтық департамент басшылары қатысты.
Алик Шпекбаев факторлы-балдық жүйе мен бонустар негізіндегі мемлекеттік қызметшілердің жаңа еңбекақы жүйесі туралы баяндады. Ол мемқызметкерлердің жалақысын екі есеге арттыру және орталық пен өңірлер арасындағы жалақы айырмасын 70%-дан 10%-ға дейін төмендетудің оң нәтижесін атап өтті. Соның арқасында бүгінде бір бос мемлекеттік лауазымға екі үміткердің орнына алты адам келетін болған.
«Біз басқарушылық лауазымдарды екі есе қысқарттық, бұл атқарушы билікті 25%-ға нығайтты. Артық құрылымдарды қысқарттық, оның ішінде ауданаралық басқармалардың үштен екі бөлігін қоса алғанда. 26 басқарма бөлімдерге, 34 бөлім топтарға өзгертілді. Орталық басқаруды күшейте отырып, ішкі қауіпсіздік аумақтық департаменттерін оңтайландырдық», - деді агенттік төрағасы.
Алик Шпекбаев қосалқы қызметтерді орталықтандыру және кадрлық құжат айналымы бойынша ортақ қызмет көрсету орталығын құру тәжірибесі туралы әңгімеледі.
Қазір персоналды басқару қызметтері 14 есе тиімді жұмыс істейді. «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің арқасында бір күнде 30 адамның орнына 400-ден астам адамға қызмет көрсетіледі. Жыл соңына дейін жалақы есептеу функциясы беріледі. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алулар мен заң қызметтері орталықтандырылған.
Агенттік төрағасы жұмыс сапары аясында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының ашылу рәсіміне қатысып, Жамбыл облысы бойынша Қазақстан Халық Ассамблеясының мүшелерімен, жергілікті және шетелдік инвесторлармен, бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесті.