Мемлекет АИТВ/ЖИТС-ке шалдыққан бір науқастың еміне жылына 300 мың теңге жұмсайды

Фото: None
АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Ел бюджетінен АИТВ/ЖИТС-ке (ВИЧ/СПИД) шалдыққан бір науқастың еміне жылына 300 мың теңге бөлінеді.

Бұл туралы АИТВ/ЖИТС сұрақтары бойынша елорда тұрғындарымен «Тікелей тілдесу» өткізген қалалық «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» емдеу-алдын алу бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Нұрғожина мәлім етті. Орталық маманының халықпен тілдесуі «Вечерняя Астана» газетінің редакциясында өтті.

ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 2013 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Астана қаласында АИТВ инфекциясына шалдығудың 613 жағдайы тіркелді. Көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 80,6-ны құрайды, бұл республикалық - 116,4 деңгейінен айтарлықтай төмен. Бірақ Орталық мамандарының айтуынша, бұл тоқмейілсуге негіз бермейді.

«Тікелей тілдесу» барысында қойылған сұрақтар түрлі мазмұнда болды. Мысалға, қаланың Әсел есімді тұрғынын «АИТВ диагнозы қойылған құрбысы дүниеге дені сау бала әкеле алады ма?» деген сұрақ мазалайды. Әрине, АИТВ дәрежесі бар әйелдің 95-98 пайыз жағдайда дені сау баланы туу мүмкіндігі бар. Ол үшін әйел жүктілігінің 14 апталығынан бастап вирусқа қарсы терапияны қабылдап, дәрігердің айтқандарын бұлжытпай орындауы тиіс. Айта кетейік, Астанада ЖИТС-пен ауыратын 47 әйел ана атанды және олардың тек екеуінің сәбиінде ғана АИТВ вирусы анықталды.

«Теледидардан жекелеген елдерде дағдарысқа байланысты АИТВ/ЖИТС-тен емделу науқастардың есебінен жүргізілетіні, ал өзгелерінде бұл мақсаттарға қаржылар мүлдем қарастырылмағаны көрсетіледі. Науқастар халықаралық қорлардың есебінен өмір сүруге мәжбүр. Қазақстан мұндай оңтайландыру шараларын қолға алуды жоспарлап отырған жоқ па?», - деп жолдады сұрағын Сергей есімді азамат.

«АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың емі арзанға соқпайды. Антиретровирустық терапиямен қамтамасыз етудің өзіне мемлекет бір науқасқа жылына 300 мың теңгеге жуық қаржы жұмсайды. Ал науқастарға бұл дәрілік препараттарды күнбе-күн, жылдан-жылға қабылдау қажет. Біздің мемлекет АИТВ дәрежесі бар адам инфекцияны өзге тұлғаларға жұқтырудың тұрақты ошағы болып табылатынын жіті түсінеді, сондықтан бұл шығындарды өз мойнына алып келеді», - дейді Г.Нұрғожина.

Орталық маманы келесі сұрақтардың біріне жауап бере келе, қала бойынша АИТВ-ға шалдыққан 613 адамның 102-сі сотталғандар болып табылатынын атап өтті. Бүгінде Орталықтың есебінде АИТВ-мен өмір сүретін 62 сотталушы тұр. Қалғандары жазалау мерзімдерінің аяқталуына байланысты босатылған, немесе өзге мекемелерге ауыстырылды. Астана қалалық ЖИТС орталығының қызметкерлері сырқат сотталушыларды тексеру үшін бас бостандығынан айыру мекемелеріне тұрақты түрде барып тұрады.

«Егер бұрын «ЖИТС» диагнозы үкім ретінде қабылданып келсе, қазір антиретровирустық терапияны қабылдаудың, есірткілер мен ішімдіктен бас тартудың, яғни салауатты өмір салтын ұстанудың арқасында бұл диагнозбен өмір сүру республика бойынша 10 жылға ұзарды. Қуанышқа орай, осы уақытқа дейін АИТВ диагнозы қойылғандардың арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары болған жоқ», - делінген таратылған баспасөз мәліметінде.

Ал Антонина есімді азаматшаны вокзал маңында көп шоғырланған жыныстық қатынас қызметтерін көрсететін тұлғалар толғандырған. Орталықта бұл қызмет түрін ұсынатындардың нақты саны жоқ, болжам бойынша, олар қала бойынша 750-ге жуық адамды құрайды. Және әрине, олардың арасында АИТВ инфекциясымен өмір сүретіндер де бар. Бірақ өзінің дәрежесі туралы білетіндердің барлығы өзге адамдарды жұқтырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығы туралы құжатқа қол қояды. ҚР ҚК-нің 116-бабы 6 жылға дейін бас бостандықтан айыруды көздейді.