Мемлекет ардагерлерге әрқашан құрмет көрсетеді - Мемлекет басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет әрқашан Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құрметтейді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағының Батыры Иван Панфиловқа арналған ескерткіштің ашылу салтанатында айтты.

«Әрине, бүгінгі ең негізгі сөз соғыс ардагерлеріне арналады. Мемлекет сіздерге шама-шарқынша көмектесіп, қолдап келеді. Сіздердің әрқайсыларыңыз қамқорлықтасыздар. Мен сіздердің барлықтарыңызды Жаңа жылмен құттықтадым және бүгін де шеруде шын жүректен алғысымды жеткіздім. Бүрсігүні де барлық құрметіміз сіздерге арналады және тек мерекелерде ғана емес, үнемі солай болады. Өйткені сіздер соған лайықсыздар», - деді Мемлекет басшысы ардагерлерге арнаған сөзінде.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, бүгінгі ұрпақтың аталар қол жеткізген Жеңісі алдындағы ең басты жауабы Қазақстанды тұрақты, тәуелсіз, бірлікшіл елге айналдыру болмақ.

«Сіздер бүгін еліміздің қалай дамып келе жатқанын көріп отырсыздар, ендеше төккен қандарыңыз бен соғыста көрген азаптарыңыз бекер болмады деген сөз. Сондықтан әрдайым бізбен бірге болып, жас ұрпақты Отанға деген сүйіспеншілікке, патриотизмге тәрбиелеңіздер», - деп тұжырымдады Президент.