Мемлекет астық өндірушілерге де ұдайы қолдау көрсетіп келеді - С.Өтешқалиев, БҚО

None
ОРАЛ. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Мемлекет астық өндірушілерге де ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Бұл туралы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ БҚО бойынша өкілдігінің сарапшысы Сансызбай Өтешқалиев мәлім етті.

Оның айтуынша, биыл да әдеттегідей облыс диқандарына көктемгі егіс-далалық жұмыстарды жүргізуге және күзгі жиын-терімге несие берілген. Корпорация арқылы берілетін несиенің банктердегіден өзіндік артықшылығы бар. Өйткені мұндай несие жылына бір мәрте белгіленген уақытында, жиын-терімнен кейін кері қайтарылады. Ал банктердің несиесі ай сайын өтелетіні белгілі. Өңірде екі жыл қатарынан егін шықпады, диқандардың қарызы қордаланып қалды. Өткен жылы облыстың сұрауы бойынша несие қайтарудың мерзімі ұзартылып, биылға ауыстырылды. Биыл егіннің түсімі жаман емес. Сондықтан корпорация арқылы қаржыландырылған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері биыл қалай да есептесулері керек.

Әрине, корпорациямен берілетін несие де банктердің кепілдігімен беріледі. Мұндағы бес пайыз корпорацияныкі, ал үш пайыз кепілдік беретін банктердің еншісінде, сонда биыл несие сегіз пайызбен берілді. Алдыңғы жылдары корпорацияныкі сегіз пайыз, банктердікі де сол шамада болған. 2009 жылы сегіз шаруа қожалығы 45,2 млн. теңге көлемінде несие алды. Осы шаруашылықтар сол несиені 15 қарашада өтеулері тиіс. 2010 жылы «Тінәлі» ЖШС - 35 млн. теңге, «Ақшал» шаруа қожалығы 3 млн. теңге көлемінде несие қаражатын алды. Олардың несиені биылғы 1 желтоқсанда өтейміз деген келісімшарттары бар. 2011 жылы егін егу және егін жинау қажеттіліктері үшін бес шаруа қожалығына 155,5 млн. теңге көлемінде несие берілді. Олар да 1 желтоқсанда қарыздарын өтеулері тиіс.

-«Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» атқаратын негізгі міндеттеріне көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім кезінде несие беру, екіншіден, көктемгі қаржыландыру жолымен күзде бидай сатып алу, үшіншіден, шаруашылықтарға тұқым беру жұмыстары кіреді. Қазіргі уақытта корпорация мемлекет қорына ақ бидай сатып алуға кірісті. Шаруалардан сатып алынатын 3-класты ақ бидайдың көлемі үлкен, бірақ оны орындай алмаспыз. Өйткені бидайды ЖШС-лардан тоннасын 25 мың теңгеден, ал шаруа қожалықтарынан 22 мың 321 теңгеден аламыз. Жауапкершілігі шектеулі шаруашылықтардан неге жоғарылау бағаға алынады десек, өйткені олар қосымша құн салығын төлейді. Қабылданатын бидайдың натуралық салмағы 750 грамм-литр болуы керек. Биыл мұндай талап үдесінен шығу қиынға соғып тұр. Себебі шілде айындағы ыстық күндер бидайды пісіріп, салмағын азайтып жіберді. Диқандар мұндай бидайды астық сақтау орын­дарына өткізіп, сақтай алады. Негізі салмағы 730 грамм-литр бидай 3-класқа жатқызылады, оны өңдеп ұн қылып пайдалануға болады. Натуралық салмағы 750 грамм-литр болатын бидай азық-түлік қауіпсіздігі мақсатында және экспортқа шығару үшін сақталынады. Халықаралық тәртіп бойынша шетелдіктер осындай салмақтағы бидайды сұрайды.

Экспортқа шығару мәселесіне келсек, Қазақстан астығы сұранысқа ие. Соңғы екі жыл бойы еліміздің солтүстік облыстарынан, Ақмола, Қостанай облыстарынан 150 мың тоннадай астықты қабылдап алдық. Биыл Ақмола облысынан - 48 мың 625 тонна, Солтүстік Қазақстаннан - 42 мың 427 тонна, Қостанай облысынан - 69 мың 330 тонна, барлығы 160 мың 327 тонна астықты қабылдап алып, сақтап қоямыз. Өйткені солтүстік өңірлерде егін бітік шықты, астық сақтайтын орын жоқ болғандықтан, бұрынғы астық біздің облыстағы алты астық қабылдау кәсіпорнына (Шыңғырлау, Ақсай, Жайық, Белес-Агро, Переметный, Тасқала-Дән элеваторларына) түсірілуде.

Батыстың астығы кептіруге түспейді. Табиғаттың құрғақшылығы нәтижесінде күзде бидайды жинағанда, дәннің ылғалдылығы 12-13 пайыз болып, сақтауға қолайлы болады. Сондықтан біздің өңірдің астығы кептіру үрдісіне түспейді. Содан біздің жақтың бидайының ұлпалылығы жоғары болып келеді. Өзге өңірлерде, мысалға, Солтүстік Қазақстан астығының да ұлпалылығы жоғары. Бірақ олар астықты кептіреді. Сондықтан термиялық өңдеуден өткен астықтың көтерілуі, түсінікті тілмен айтсақ, қамырлылығы табиғи жолмен кепкен астықтан төмендеу болатын шығар, әйтеуір біздің өңірдің астығының бәсі биік, - деді С.Өтешқалиев.