Мемлекет азаматтардың жеке меншігіне қол сұғылмауына толық кепілдік беруі керек - Елбасы

АСТАНА. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мемлекет азаматтардың жеке меншігіне  қол сұғылмауына  толық кепілдік беруі керек.

Бүгін тікелей желіде қазақстандықтардың сауалдарына жауап беруі барысында Елбасы осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тікелей желі барысында Қазақстан азаматтарының бірі тұрып жатқан қаласында гараж салу үшін жер комитетінен келісім алғандығын, оған әкімдік қарсы болмағандығын айта келіп, гараж салынып біткеннен кейін кейбір шенеуніктер оны тартып алмақ болғандығын баяндапты. Жалпы, осы жайтқа қатысты Елбасына бірнеше хат келіп түскен.

Осы мәселеге орай жауап берген Мемлекет басшысы: «Біз мемлекеттік емес нарықтық экономиканы құрып отырмыз. Сондықтан бұл келеңсіз жайтты заңнама тәртібімен жеңуіміз қажет. Рейдерлікке қатысушылардың бірі әрқашан  да мемлекеттік шенеунік болып отыр. Әйтпесе, ол іске аспайды. Яғни, бұл жерде анық жемқорлыққа бой алдыру орын алған. Сондықтан қазір сіздердің тараптарыңыздан желіде Бас прокурор болуы керек, мен оған қосылуын өтінемін», деді.

Желіге қосылған Қайрат Мәмиге Елбасы  Бас прокуратура органдары бұл мәселеге қандай шаралар қолдана алатындығына жауап беруін сұрады.
Бас прокурордың айтуынша, бұл өтініштерге байланысты мәселелерге қысқа уақыттың ішінде тексеру жұмыстары жүргізіліп, айтылған жайт анықталса, өтініш берушінің құқықтарын қалпына келтіру үшін барлық  шаралар қабылданатын болады.

 «Осы мәселе орай барлық хаттарды менің тапсырмам бойынша Бас прокуратураға берулеріңізді өтінемін. Ал Сізге осы айтылған келеңсіздіктерді тиянақты анықтауды тапсырамын. Бірде-бір өтініш жауапсыз қалмасын. БАҚ құралдары, телеарналар арқылы әрқайсысына жауап беріңдер. Бұл бассыздықты тоқтату керек. Егер заңнаманы өзгерту қажет болса, сәйкес өзгертулерді енгізейік», деді