17:15, 12 Маусым 2009
Мемлекет бақылауынан шығып кеткен уран кеніштерін қайтаруымыз керек ? Т. Квятковская
АЛМАТЫ. Маусымның 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Мемлекет бақылауынан шығып кеткен уран кеніштерін қайтаруымыз керек. Қоғам қайраткері, заң ғылымының кандидаты, екінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты Татьяна Квятковская бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында осылай мәлімдеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Еліміздегі атом өнеркәсібі саласының мәселесі бұрыннан қордаланып келе жатқан. Кен орындарының 70 пайыздан астамы мемлекет бақылауында екендігі дәлелденбеді. 2006 жылға дейін атом өнеркәсібі саласын дамытудың бағдарламасы болған. Ол орындалған жоқ», -дейді Татьяна Григорьевна. Оның пайымдауынша, олқылықты түзету үшін алдымен мемлекет бақылауынан шығып кеткеннің бәрін кері қайтару керек. Содан кейін мұндай жағдайлардан мемлекетті қорғауды қамтамасыз ету үшін бәрін заңдық тұрғыдан шешу қажет. Бұл үшін қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен түзетулер енгізілуі тиіс. Қалыптасқан мәселелер бағдарламалық тұрғыдан ғана шешілуі керек. Атом - саяси және әскери қауіпсіздікпен байланысты сала. Біздің геосаяси жағдайымызға қызығушылық білдірушілер жетерлік. «Бұл жерде саяси нәрсе жоқ. Ол кәдуілгі жемқорлықтың нәтижесі. Мемлекет айтарлықтай зиян шегіп отыр. Оған кімнің қаншалықты кінәлі екенін құқық қорғау мен сот органдары ғана анықтайды. Мен тек мемлекетке тиесілердің кері қайтарылуын талап етемін», - дейді заңгер.