Мемлекет басшысы әлемдегі еңбек нарығының өзгеруіне қатыcты пікір айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект жағдайында адамдарды қайта даярлау мен білімін шыңдауға екпін қою керек. Бұл туралы елордада V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Коллаж: Kazinform; DALL-E; Midjourney

Президент жасанды интеллект технологияларының көз ілеспес жылдамдықпен дамуы жаһандық экономикаға ықпал ететін іргелі факторға айналып үлгергенін байқатып отырғанын атап өтті. Халықаралық сарапшылар, мәселен, Goldman Sachs алдағы он жыл ішінде жасанды интеллектіні қолдану әсерінен әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 трлн долларға жақындауы мүмкін деп пайымдайды. 

Осы орайда Мемлекет басшысы бұл өзгерістер жаңа технологиялық тәртіптің пайда болуына әкелетінін еске салды. Соның салдарынан экономиканың барлық секторындағы еңбек нарығының құрылымы түбегейлі өзгереді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық валюта қорының мәліметтеріне тоқтала келе, алдағы жылдары жасанды интеллект технологияларын енгізу деңгейіне қарай әлемдік еңбек нарығында жұмыс орындары шамамен 40 пайызға дейін қысқаруы мүмкін екенін айтты. Демек, шартараптағы жүздеген миллион адам жаппай білімін жетілдіріп, жаңа дағдыларды меңгеруге тиіс. Әлеуетті мемлекеттер ауқымы жағынан белгісіз міндеттермен бетпе-бет келіп, ұлттық білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуге мәжбүр болады. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен V Еуразиялық экономикалық форумның (ЕЭФ-2026) пленарлық отырысы басталды.