Мемлекет басшысы авиаотын мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды

Фото: aviacenter

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңесте осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының пікірінше, саланы дамытуда негізгі екі проблема бар. Бұл — бағаның жоғары болуы және ішкі өндіріс көлемінің жеткіліксіздігі.

— Ең әуелі, алдағы үш жылда еліміздің ішкі өндіріс көлемін арттыру, импортты әртараптандыру керек. Ақылға қонымды бәсекелестік сақталуға тиіс. Реттеу ісіндегі барлық өзгеріс кезең-кезеңімен әрі нақты, отынды тұрақты жеткізуге кедергі келтірмей іске асырылуы қажет. Жұмыс істеп тұрған ұйымдар базасында авиация ғылыми-зерттеу институтын құрған және отынды сертификаттау зертханасын ашқан жөн. Үкіметке монополияға қарсы органдармен бірге аталған мәселелерді шешу бойынша тез арада кешенді шара қабылдауды тапсырамын, — деді Мемлекет басшысы.

Осыған дейін Президент авиахабтарды дамыту көлік-тасымал саласындағы басым бағыттардың бірі саналатынына тоқталды.

Сонымен қатар Тоқаев әр әуежайдың бәсекеге қабілетті тұстарын айқындап, жұмысын түбегейлі өзгерту керек екенін айтты.