— Өздеріңізге мәлім, біз наурыз айында конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Бірлігі мықты, жауапкершілігі жоғары ел ретінде жаңа Ата заңды қабылдадық. Конституция — мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, халқымыздың темірқазығы. Еліміздің Бас құжатында азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру, заңға құрмет, табиғатқа жанашырлық, шынайы отаншылдық, еңбекқорлық, білім-ғылым және жоғары технологиялар қағидаттары айқын көрініс тапты. Сондай-ақ Конституцияда еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Егемендігін және Тәуелсіздігін қорғау әр азаматтың қасиетті борышы деп жазылды, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда, әрине, нағыз отаншыл азаматтың озық үлгісін, ең алдымен, мемлекеттік қызметшілер көрсетуі керек екенін еске салды.
— Бұл — ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген әрбір қызметшінің қастерлі парызы. Лауазымды тұлғалар, күштік құрылымдар мен басқа да билік өкілдері Конституцияға үнемі сілтеме жасауы керек. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында адамдар өмірде болсын, кинода болсын, Конституцияны аузынан тастамайды. Біз де осындай құқықтық мәдениет қалыптастыруымыз қажет. Бұл ең алдымен ұлттық болмысымызға оң әсер етеді. Бас құжатымыз адами құндылықтар мен заң нормаларының жиынтығы ғана емес, ел дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Тұғырына қонған Конституциямыз қоғамдық келісімді түбегейлі жаңа деңгейге көтеруі керек. Мемлекет пен қоғам арасында шынайы серіктестік орнап, белсенді, жанашыр азаматтар ұлттың жасампаз күшіне айналуы қажет. Сондықтан Конституцияның нормалары барлық жерде, соның ішінде азаматтық және әскери жоғары оқу орындарында, мектептер мен әскери бөлімдерде, мемлекеттік және жеке кәсіпорындарда екі тілде қатар қолжетімді болуға тиіс, — деді ол.
Айта кет ейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер телімдерін пайдаланудың айрықша шарттары әзірленгенін айтты.