Мемлекет басшысы белгілі ғалымдарды марапаттады
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ ғалымды марапаттап, орден мен құрметті атақ беру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
— Қасым-Жомарт Тоқаев шығыстану ғылымына қосқан елеулі үлестері және филология саласының қытайтану бағытын терең зерделеп, қазақ тарихына қатысты тың деректерді жинақтауға, мәдени құндылықтарымызды насихаттауға, екі ел арасындағы тарихи байланысты нығайтуға сіңірген айрықша еңбектері үшін Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлына ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін, сондай-ақ ғалым, филолог Айнұр Әбиденқызына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын беру туралы жарлықтарға қол қойды, — делінген хабарламада.
Осы орайда Президент ғалымдарға құттықтау жеделхатын жолдап, бұл марапат олардың ұзақ жылғы іргелі ізденістері мен табанды еңбектерінің нәтижесі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы белгілі шығыстанушылардың отбасына бақ-береке және шығармашылық табыс тіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Президент ғылым саласында зор жетістікке жеткен ғалымдарды марапаттаған болатын.