Мемлекет басшысы белгілі журналист Лев Тараковтың жақын-жуықтарына көңіл айтты
18:19, 09 Сәуір 2025
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев танымал журналист, қоғам қайраткері, «Время» газетінің бас редакторы Лев Тараковтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
– Шығармашылық династияның талантты өкілі Лев Юрьевич отандық журналистиканың дамуына, жас мамандарды тәрбиелеуге үлкен үлес қосты. Ол әріптестері арасында зор абырой мен құрметке бөленіп, кәсібилік пен өз ісіне адалдықтың үлгісін танытты, – делінген жеделхатта.
Еске сала кетейік, бұған дейін 59 жасқа қараған шағында көрнекті журналист, мемлекет қайраткері, «Время» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Лев Тараков кенеттен өмірден озғанын жазған болатынбыз.