Мемлекет басшысы Елена Рыбакинаны жеңісімен құттықтады

Фото: ausopen.com

  АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Елена Рыбакинаны Australian Open теннис турнирінің финалындағы жеңісімен құттықтады.

– Сізді спорттағы кезекті тамаша жетістігіңізбен – теннистен Австралия ашық чемпионатындағы керемет, айқын жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз жеңіске деген ерік-жігеріңіз бен мінсіз шеберлігіңізді тағы да дәлелдедіңіз, бұған бүкіл әлемнің теннис қауымдастығы сүйсіне қарады. Алдағы уақытта да ең беделді турнирлерде жеңіске жете беруіңізге тілектеспін! – делінген құттықтауда.

Айта кетейік, Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанды.

Қазақстандық теннисші әлемнің 1-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің төрт дүркін чемпионы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен чемпиондық атақты сарапқа салды.