Мемлекет басшысы Иордания музейіне барды
АСТАНА. KAZINFORM - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Амманға ресми сапары аясында Иордания музейін аралап көрді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысын аталған нысанда ханзада Әли бен әл-Хусейн, Иордания музейі Қамқоршылар кеңесі төрағасының орынбасары, ханшайым Сумайя бинт Хасан мен музей директоры Ихаб Амарин қарсы алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев көрме залдарын аралап көріп, музей қорында сақталып тұрған сирек жәдігерлермен және экспонаттармен танысты. Сондай-ақ Мемлекет басшысына Иордан Хашимит Корольдігіндегі ең үлкен музейдің құрылу тарихы жөнінде мәлімет берілді.
Музейдегі ерекше көрменің бірі – Кумран қолжазбалары. Онда тарихи құндылығы зор мыс қолжазбалардың фрагменттерімен танысуға болады.
Иордания музейі тұрақты экспозициядан бөлек, ұлттық тарих пен мәдениетті дәріптеу үшін уақытша көрмелер, дәрістер, семинарлар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырады.
Президент нысанды аралап көрген соң Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королімен келіссөз жүргізді.
Ресми сапар аясында 10 құжатқа қол қойылды.
Мемлекет басшысы Король II Абдалланы «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.