– Бұған қоса, келешекте серіктес мемлекеттер мен БҰҰ институттары өкілдерінің СПЕКА-ға жаңа қатысушы ретінде қосылғанын қуана құптаймыз. Елдеріміздің үкіметтеріне СПЕКА-ның арнайы жұмыс тобын құру жөнінде тапсырма берген дұрыс деп санаймын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, келесі жылы маусым айында елімізде өтетін кезекті Астана халықаралық форумы аясында СПЕКА-ның панельдік сессиясын ұйымдастыруды ұсынамын. Жоғары деңгейдегі бұл жиын бұрын-соңды болмаған заманауи сын-қатерлерге бірлесе жауап іздеу үшін әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін жұмылдыруға бағытталған. Сонымен қатар СПЕКА-ның алдағы саммиттерінің бірін өзара келісілген уақытта Қазақстанда өткізуді ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзін қорытындылай келе, бүгінгі Саммит Арнайы бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін нақты механизмдер әзірлеуге мүмкіндік беретініне, сондай-ақ елдеріміз арасындағы достық және стратегиялық серіктестікті нығайта түсетініне сенім білдірді.