Президент қазақ-қытай байланыстары жоғары деңгейде екеніне, яғни арада мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік орнағанына назар аударды.
Мемлекет басшысының пікірінше, көпжақты құрылымдар аясында Қазақстан мен Қытайдың өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің негізгі мәселелеріне қатысты көзқарастары ұқсас.
– Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шеңберінде конструктивті диалог құрып, бір-бірімізге қолдау білдіріп келеміз. Сондай-ақ Қытайдың дүниежүзілік дамуға, жаһандық қауіпсіздік пен өркениетке қатысты ұсынған бастамаларын жоғары бағалаймыз әрі қолдаймыз. Бұл бастамалар әлемдегі қауіпсіздіктің қазіргі жүйесін нығайтуға оң үлес қосады деп санаймын, – деді Президент.
Өз кезегінде ҚХР Қорғаныс министрі Дун Цзюнь қонақжайлық көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, ШЫҰ-ға мүше елдердің қорғаныс министрлерінің кеңесі жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
Әңгімелесу барысында тараптар бітімгерлік, білім және әскери-техника салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізді.