Мемлекет басшысы Мәдениет орталығын аралап көрді

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы ҚХР мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен бірге Мәдениет орталығын аралап көрді. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

— Қасым-Жомарт Тоқаевқа кітапхана, қазақ тілі, музыка және шығармашылық кабинеттері таныстырылды. Көрме залына Қазақстанның ежелгі сақ дәуірінен бастап XX ғасырдың бас кезіне дейінгі тарихынан сыр шертетін экспонаттар мен артефактілер қойылған, — делінген хабарламада.

Экспозиция археологияға, зергерлік бұйымдарға, қару-жарақ жасау өнеріне, ұлт аспаптарына және этнографияға арналған бес бөлімнен тұрады. Орталықтың кітапхана қорында қазақ, қытай, ағылшын және орыс тілдеріндегі мыңға жуық кітап бар.

Президент Мәдениет орталығында қазақ тілін үйреніп жүрген балалармен сөйлесті.

Фото: Ақорда

Қытай оқушылары домбырамен белгілі қазақ, қытай әуендерінен попурри орындады.

Фото: Ақорда

Сонымен қатар мәртебелі меймандар Бейжің балаларына арналған киіз басудан шеберлік сабағын тамашалады. 

Фото: Ақорда

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қытай астанасына барды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сапар барысында Қытай тарапы қазақ делегациясына ерекше көңіл бөліп, ыстық ықыласы мен қонақжайлығын көрсетті. Мемлекет басшысы «Ұлы дала мен Ұлы Қытай арасындағы рухани-мәдени байланыс ешқашан үзілген емес» деген болатын.