Мемлекет басшысы: Мақсатымыз — еңбеккерлерді табысты адамдардың үлгісі ретінде дәріптеу

Фото: Ақорда

МӘСКЕУ. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей өзара ынтымақтастықтың аса маңызды бағыты саналатын кадр даярлау ісіндегі серіктестікті дәйекті түрде тереңдетіп келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекеттер басшылары Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысып жатыр. 

Президенттің сөзінше, мемлекет тарапынан жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және қоғамда жаңа еңбек мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ еңбек адамдарын құрметтеу үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Фото: Ақорда

— Сайып келгенде, біздің түпкі мақсатымыз — еңбеккерлерді табысты адамдардың үлгісі ретінде дәріптеу. Бұл жүздеген мың азаматты ынталандырады. Қазақстан мен Ресей өзара ынтымақтастықтың аса маңызды бағыты саналатын кадр даярлау ісіндегі серіктестікті дәйекті түрде тереңдетіп келеді. Білім беру және өндіріс саласындағы байланыстарды жандандыру маман даярлау сапасын жетілдіріп, озық технологияларды енгізу үдерісін үдете түсеріне сенімдімін, — деді Мемлекет басшысы.

Осыдан бұрын Президент жұмысшы мамандық иелері екі елдің экономикалық өрлеуіне орасан зор үлес қосатынына назар аударды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ресейдің жоғары оқу орындары Қазақстандағы университеттердің көпшілігімен серіктестік орнатқанын айтты.