Мемлекет басшысы Marai E7 Group өндіріс алаңының қызметімен танысты
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына барған іссапар аясында Marai E7 Group өндіріс алаңының қызметімен танысты. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
— Кәсіпорын травматология хирургиясында және остеосинтезге кеңінен қолданылатын дәке мен титан импланттарын шығаруға маманданған. Президентке Шымкентте шығатын дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың түрлері көрсетілді, — делінген хабарламада.
Бүгінде шырайлы шаһар отандық фармацевтика саласының дамуында елеулі рөл атқарады.
Мұнда 19 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішіндегі ең ірісі — «Химфарм» зауыты.
Бұған дейін хабарланғандай, Президент «Тассай» индустриалды аймағын аралап көрді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының жұртшылығы алдында сөз сөйлеп, өңірге жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін атап өткен болатын.