ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ЖШС-ның банкроттық басқарушысы Т-ның заңсыз әрекеттері дерегі бойынша тергеуді аяқтады.
БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, банкроттық басқарушы кәсіпорынның салық берешегі барын біле тұра, құрылтайшы мен үлестес адамдардың шотына 46,4 млн теңгені заңсыз аударып жіберген.
Қаражат заң қызметтеріне ақы төлеу, пайда болған берешек бойынша талаптарды қанағаттандыру, сондай-ақ құрылтайшыға қалған ақшалай қаражатты қайтару сылтауымен аударылған.
- БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен ақшалай қаражат негізсіз шығарылған деп танылды. Қазіргі уақытта қаржы кәсіпорынның мүлкі ретінде қайтарылуда. Осылайша, банкроттық басқарушы бюджет алдындағы берешектен жалтару мақсатында құрылтайшыға көмек көрсетуге тырысқан. Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілді, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да кәсіпкердің 150 млн теңге субсидияны жымқырып, сауда үйі мен сауна салғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).