Мемлекет басшысы NVIDIA және Firebird AI компанияларының өкілдерін қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA компаниясының жаһандық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту жөніндегі вице-президенті Николо Мартин Капрезбен, сондай-ақ Firebird AI компаниясының негізін қалаушылар Размиг Берг Овакимянмен және Александр Есаянмен кездесті.

Фото: Ақорда

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, әңгімелесу барысында ЖИ-инфрақұрылымын жобалау, салу және пайдалану бағытындағы серіктестік перспективасы талқыланды. 

Мемлекет басшысы Қазақстан алдағы үш жылда толық цифрлық елге айналуды көздеп отырғанын жеткізді.

Президенттің айтуынша, NVIDIA технологиясы негізінде суперкомпьютер кластерлерін іске қосу аталған мақсатқа жету және елдің технологиялық дербестігін нығайту ісіндегі маңызды қадам болды.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз қаласында Деректерді өңдеу орталығы алқабын құру бойынша стратегиялық жоба қолға алынғанына тоқталды. Онда есептеу инфрақұрылымын дамытқысы келетін инвесторларға қолжетімді электр энергиясы, телекоммуникация желісі және салық жеңілдіктері қарастырылады.

NVIDIA және Firebird AI өкілдері Арменияда осыған ұқсас жобаны жүзеге асырып жатқаны жайында айтты.

— Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен компания өкілдері ЖИ-экожүйесін дамыту бағытындағы бірлескен бастаманы іске асыру мүмкіндіктерін зерделеуге келісті, — делінген хабарламада.

Бұдан бұрын Тоқаев Беларусь президентін Астанадағы Еуразиялық экономикалық форумға шақырғанын жазған едік.