Мемлекет басшысы опера әншісі Әйгерім Алтынбекті құттықтады
18:00, 28 Шілде 2025
АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Италияда өткен ХІ халықаралық CLIP 2025 опера байқауында топ жарып, жеңімпаз атанған Әйгерім Алтынбекке құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
— Еліміздің мәдениетін төрткүл әлемге танытып, халықаралық сарапшыларды мойындатқан бұл жетістігіңіздің мән-маңызы зор. Сіз мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, төл өнерімізді әлемнің төріне шығардыңыз. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра бересіз деп сенемін! — деп жазды Президент.
Бұған дейін қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек XI Халықаралық CLIP 2025 опера байқауында жеңіске жеткені хабарланды. Өнерпаз бірінші орыннан бөлек, байқаудың негізгі номинацияларында үздік атанып, абсолютті жеңімпаз болды.