Мемлекет басшысы: Өткен жылы Ассамблея барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы Ассамблея барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- ҚХА мүшелері күн сайын көзге көрінбейтін, бірден нәтиже бермейтін, алайда ұзақ мерзімді, стратегиялық тұрғыдан тиімді, ауқымды жұмыс жүргізеді. Өткен жылдың өзінде Ассамблея барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Оған 1 миллионға жуық адам қатысты. Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде азаматтарымыз зардап шеккен жандарға көмек қолын созып, ырысты ынтымақ пен бірліктің тамаша үлгісін көрсетті. Ассамблеяның «Жүректен жүрекке» жобасы аясында 12 мыңнан астам ерікті ортақ іске жұмыла кірісті. Олар гуманитарлық көмек пен жылу жинады. Қираған үйлерді қалпына келтіруге атсалысты, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жалпы, ел бірлігін нығайту ісінің стратегиялық маңызы ерекше екенін айтты.
- Соның айқын дәлелі ретінде Ассамблеяның «Ел бірлігі» ордені атты жаңа мемлекеттік награда тағайындалды. «Бірлік» ұғымы қазіргі дүние жүзіндегі тұрақсыз жағдайда аса маңызды. Әлемде, әсіресе, біздің айналамыздағы кейбір елдерде не болып жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан шын мәнінде, «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар». Бұл – ақиқат, - деді Президент.
Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясы өтіп жатыр.