Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті

АСТАНА. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитіне ерекше мән беретінін жеткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Ақорда

Сонымен қатар Президент аталған жиын аймақ елдерінің Еуропа Одағымен диалогын ілгерілетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Мемлекеттер басшылары Алматыдағы бейресми кездесудің нәтижелі болғанына назар аударды.

Фото: Ақорда

Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Екіжақты байланыстардың барлық бағыты бойынша өзара тиімді серіктестік аясын кеңейту ниетін растады.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесіп, экономиканың түрлі секторындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылаған еді.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммиті мен «Жаһандық климат сын-қатерлері кезеңіндегі Орталық Азия» халықаралық конференциясына қатысу үшін Самарқандқа барды.