Мемлекет басшысы: Озық ойлы ұлт болу үшін жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және тәртіп» қағидасы мемлекеттің мызғымас тұғыры екенін мәлім етті.
— Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл — ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады. Ашығын айтуымыз керек, қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Мемлекет басшысы мәлім еткендей, келеңсіз оқиғалар әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі болады.
— Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл — мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс. Озық ойлы ұлт болу үшін мұндай жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек, — деп нақтылады Президент.
Бұған дейін Мемлекет басшысы облыс әкімдерінің қаражатты тиімсіз жобаларға шашудан әріге бармайтынын сынға алды.
Айта кетейік, Жолдаудың онлайн трансляциясы Jibek Joly эфирінде, сондай-ақ телеарнаның YouTube арнасында жүріп жатыр.
Kazinform сайты тікелей эфирмен қатар, жазбаша трансляция да жасайды.
Сондай-ақ Жолдау мәтінін агенттіктің телеграм арнасынан оқуға болады.