Мемлекет басшысы Премьер-министр лауазымына Бектенов кандидатурасын неліктен ұсынғанын айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысының ұзақ мерзімді стратегиясын жүзеге асыру үшін Үкіметте, Құрылтайда тиімді жұмыс істеу қажет. Бұл туралы Құрылтайдың жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Фото: Ақорда

— Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатады. Сондықтан біз осы жиында Премьер-министрдің кандидатурасын бекітуіміз қажет. Мен бүгін Құрылтайға өткен партиялардың фракция жетекшілерімен бірге осы мәселені талқыладым. Сол жиында айтылған пікірлерді ескере отырып, Үкімет басшысы лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновтің кандидатурасын ұсынамын, — деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымынша, Олжас Бектенов мемлекетшіл, тәжірибелі, білікті азамат, жауапкершілігін жақсы түсінеді. Бұған дейін Үкімет басшысы ретінде нәтижелі жұмыс істеді.

— Қазір еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұрғанын жақсы білесіздер. Бұл мәселе бойынша Құрылтайдың тұңғыш отырысында толығымен айттым. Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуда. Түрлі инфрақұрылымдық жобаларды қолға алдық. Алда әлі көп жұмыс істелуі керек. Жалпы еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін нығайтуға, мемлекетімізді одан әрі дамытуға қатысты мәселелер әлі де күн тәртібінде тұр. Бұл мәселелерді ойдағыдай сәтті шешуіміз керек, бәріміз бірге. Құрылтай осы мақсатты жүзеге асыруға өзінің қомақты үлесін қосады деп үміттенемін. Мемлекет басшысының ұзақ мерзімді стратегиясын жүзеге асыру үшін Үкімет те, Құрылтай да тиімді жұмыс істеу қажет. Осы аса маңызды әрі жауапты жұмыстың бәрін ұйымдастыруға Олжас Абайұлы Бектеновтің қарым-қабілеті жетеді деп сенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Құрылтай депутаттары ұсынысын қолдайды деп үміттенетінін айтты.

— Бүгін мен аталған жоғары лауазымдарға қатысты кандидатураларды ұсындым. Басқа да құрылымдарды жасақтау жұмысы жалғасады. Оның бәрі Конституцияда көрсетілген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады, — деді Мемлекет басшысы.

Осыған дейін Президент Құрылтайда Премьер-министр лауазымына кандидатура ұсынды.