Мемлекет басшысы Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесті

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Президенті Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясына шақырғаны үшін Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған іс-шара осы санатқа жататын елдердің жағдайына қатысты өзекті мәселелер туралы пікір алмасып, нақты шешімдер әзірлейтін маңызды алаң екеніне назар аударды.

Фото: Ақорда

Кездесу барысында сауда-экономика, энергетика, көлік-транзит салаларындағы серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды. 

Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық серіктестікті жан-жақты дамытуға бейіл екенін тағы да растады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясына қатысу үшін Түрікменстанға барған болатын. 

Әуежайда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов аз-кем әңгімелесті. 

Ертесіне Қасым-Жомарт Тоқаев «Аваза» конгресс-орталығына барды. Содан кейін Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйледі.