Мемлекет басшысы UEFA президенті Александер Чеферинді қабылдады

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының елімізге көрсетіп отырған қолдауына жоғары баға берді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент бүгінде 1 миллионнан астам отандасымыз футболмен шұғылданатынын айтты. Бұл – спортпен айналысатын азаматтарымыздың 13 пайызы. Бұдан аталған спорт түрінің бұқаралық сипат алғанын көруге болады.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы отандық футболдың нарық талаптарына сай орнықты бизнес моделін қалыптастырып, клуб менеджментін дамыту маңызды екеніне назар аударды. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйыммен білім беру және тәжірибе алмасу бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы ықпалдастыққа қолдау білдірді. Бұл мамандар мен жас ойыншылардың кәсіби деңгейін арттыруды көздейді.

Фото: Ақорда

Александер Чеферин кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін Президентке алғыс айтып, Қазақстанмен арадағы серіктестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ UEFA мен Қазақстан футбол федерациясы арасында берік байланыс орнағанын атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан спортының дамуына қосқан үлесі үшін Александер Чеферинді II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Осыған дейін Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасарлары тағайындалғанын жаздық.