Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ақша-несие саясатында қол жеткізген нәтижелер, қаржы секторы, алтын-валюта резерві, Ұлттық қор мен БЖЗҚ зейнетақы активтерінің жағдайы, сондай-ақ қаржы жүйесінің цифрлық трансформациялануы жөнінде мәлімет берді.
Президентке былтыр инфляция деңгейі 12,3 пайызға дейін бәсеңдегені баяндалды. Инфляцияның төмендеуі биыл да жалғасуда, мамыр айының мәліметіне сәйкес — 10,4 пайыз.
Ұлттық банк Үкіметпен бірге инфляция деңгейін баяулату бағытында кешенді жұмыс жүргізуде.
Мемлекет басшысына Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына берілген Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтерінің жай-күйі жөнінде ақпарат ұсынылды.
Ұлттық банктің алтын-валюта резерві былтыр рекордтық деңгейге жетіп, 65,4 миллиард долларды құрады. Ұлттық қордың валюталық активтері 5,1 миллиард долларға өсіп, 63,9 миллиард долларға жетті. БЖЗҚ активтерінің көлемі 2,7 триллион теңгеге артып, 25,1 триллион теңгеге ұлғайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа цифрландыру және цифрлық жобаларды дамыту жайында айтылды. 2025 жылы цифрлық активтерге арналған арнайы құқықтық режим қолданысқа еніп, оның базасында нақты активтерді токендеу, ақшаға байланған стейблкоиндер шығару, криптопровайдер мен крипто-фиат арналарын ұйымдастыру сияқты 30-дан астам пилоттық жоба жүзеге асырылды.
Қазақстан өңірдегі алғашқы Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын іске қосты. Бұл қауіпсіз биометрия, банкаралық есеп айырысуларды жүргізу, қаржылық ақпарат алмасу жүйесі, цифрлық теңге, алаяқтықтан қорғау және заманауи цифрлық сервистер секілді тетіктерді біріктіреді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Ұлттық банкке қаржы жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз етуді, сондай-ақ Үкіметпен бірлесе инфляцияны тежеу және макроэкономикалық тұрақтылықты қолдау жөнінде үйлесімді саясат жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар қаржы нарығындағы озық цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамытудың маңызы айрықша атап өтілді.